ЗТБ Тілшісінің Серхат Өзтүрікпен Сұхбаты

Толық аты-жөніңіз кім? Жасыңыз нешеде? Мамандығыңыз қандай? Қай жақтың тумасысыз?

Толық аты-жөнім – Серхат Өзтүрік, интернетте Чепни Серхат немесе Чепни Серхат Өзтүрік деген атпен танымалмын. Чепни – менің руымның және әке жағынан 7-ші атамның есімі. Сол себептен, бұл есімді ұмыттырмау ниетімен, жарық көрген кітаптарымда және әлеуметтік желідегі жазбаларымда «Чепни» лақап атын қолданамын. 2003- жылдың мамыр айында Түркияның Қаратеңіз аймағындағы Трабзон қаласында дүниеге келдім. Жасым 23-те. Қазіргі таңда Анкара Хажы Байрам Вели университетінің Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері (Түркология) бөлімінде бакалавриаттың 3-курс студентімін. 2021-2022 жылдары Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласындағы Қырғыз-Түрік «Манас» университетінде тарих факультетінің студенті болдым. Бірақ ол жақтағы оқуымды түрлі себептерге байланысты аяқтай алмай, университетті тастап, Түркияға қайтып келдім.

Ахмет Байтұрсынұлының қай қасиеті сізге ең жақын әрі өмірлік ұстанымыңызға айналды?

Ахмет Байтұрсынұлы бүкіл ғұмырын қазақтарға, Қазақ еліне арнады. Халқын сауатты ету үшін, жалқаулықтан құтқару үшін, надандықтан алып шығу және қазақтың тәуелсіздігі үшін түрлі қиыншылықтар көрді. Қаладан қалаға айдалды, өз пікірлері үшін жылдар бойы түрмеде отырды, жақындарынан айырылды, өмірінің соңғы жылдарында оның жұмыс істеп, ақша табуына да рұқсат берілмеді, аштықпен және жоқшылықпен сыналды. Ақырында, қолындағы жалғыз байлығы – «жанын» беріп, қазақтарға, Қазақ еліне құрбан болды. Өз заманында, өз ұлтынан шыққан кейбір қазақтардың оған жала жабуы мені қатты әсерлендірді. Ахмет Байтұрсынұлының осындай өмір сүргеніне қарамастан, өз күресінен бас тартпауы, мойымай, соңына дейін халқын оятуға бағытталған қызметін жалғастыруы – мені ең қатты тәнті еткен нәрселердің бірі. Мен зиялы бейнесін оның бойынан көремін.

Ұлттың тілі мен рухын сақтауда Байтұрсынұлының идеялары бүгінгі Түркия қоғамы үшін қаншалықты өзекті деп ойлайсыз?

Сұрағыңызға былай жауап берейін: Түркияда әсіресе жастар түрік тіліне құрмет көрсетпейді деп ойлаймын. Батысқа, Instagram және TikTok-тан көрген танымал мәдениетке құл болып кеткен сияқты. Соның салдарынан киім киістері, сөйлеу мәнері, жүріс-тұрыстары өзгеріп барады. Күн сайын шетелдіктер шығарған және танымал болған әлеуметтік желі ағымдарынан әсерленетін, соларға еліктейтін санасыз контент жасаушылардың кесірінен тілімізге ағылшын сөздерін кіргізіп жатырмыз. Олардың орнына түрікше баламаларын қолдануға болар еді, бірақ еліктеушілік сондай деңгейге жетті: егер қазіргі Америка жастары сияқты сөйлеп, киінсе, өздерін заманауи болып көрінеміз деп ойлайды. Өкінішке қарай, менің туған інім де солар сияқты. Қазір ол өзін жоғары, бізді төмен санайды. Өзін дамытуға, жаңа нәрсе үйренуге еш қызығушылығы жоқ. Бар білері – достарымен таңнан кешке дейін кафеде отырып, бос сөз соғу. Күндерін босқа өткізеді. Мен ең жақыныма дейін жеткен бұл тексіздену процесін қиналіспен бақылап, тарихта өз қоғамын мұндай жағдайлардан құтқаруға тырысқан зиялылардың өмірін оқимын. Күннен күнге мәңгүрттеніп бара жатырмыз деп ойлаймын. Өз тілімізден, соған байланысты өз рухымыздан, ұлттық құндылықтарымыздан алыстап барамыз. Тіл — бұл мәселенің өзегі. Бүгінгі адам күніне жүз сөзбен ғана сөйлейді. Халықтың көпшілігінің сөз қоры өте жұтаң. Ал адам сөз арқылы ойлайды. Тілді дұрыс меңгермегендіктен, ойлау қабілетіміз де төмендеп барады. Бізді ойландыратын, жаңа қиялдар құрғызатын сөздерден мақұрымбыз.
Халқымызды надан деп санаймын. Бірақ бұған себепкер факторлардың бірі — елдегі экономикалық дағдарыс. Халық күнкөріс қамымен әбден титықтаған. Осындай жағдайда тіл, ұлттық рух секілді мәселелерді ойлауға шамасы да қалмайды. Сол себептен де түп-тамырымыздан күн сайын алыстап барамыз.
Негізінде, бұл жағдайға ең алдымен елді басқарып отырған сауатсыз басшылар кінәлі. Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының кезінде тіл мен ұлттық рух туралы айтқан ойлары бүгінгі түрік қоғамы үшін де толықтай өзекті.

Ахмет Байтұрсынұлының «ұлтты ояту» жолындағы күресі сіздің жеке өмірлік таңдауларыңызға қалай әсер етті?

Манас университетіндегі оқуымды түрлі себептермен аяқтай алмай, тастап, еліме қайтқанымды айтқан едім. Қазір айтатындарым – осы сұрағыңыздың жауабы болады. Мен Бішкекте жүргенімде, жас түркітанушы ретінде қырғыздарды зерттейтінмін. Кейін байқағаным, қырғыз халқы дін мәселесінде өте сауатсыз екен. Ол жақта алдына келгеннің бәрі молда болып алған. Миссионерлер ол жерде емін-еркін жүр. Әркім Исламды өзінше түсіндіреді, осы ақпараттық ластанудың кесірінен адамдардың басы қатқан. Ниеті түзу қырғыз халқының діни сезімдерінен пайдаланып, ол адамдардың басын қатырып, кейбір террорлық ұйымдар өз қатарына адам тартып жатыр. Мен Манаста оқып жүргенде, кейде көшеде, кейде кітапханада маған сол жақтың студенті болған кейбір қырғыздар келетін. Маған өздерінің еретін ұстаздарын айтып, сол "жалған ұстаздардың" кітаптарын оқуға шақыратын. Бір кездері сақалым мен мұртыма тиісе бастады. Үнемі мұртымды алып тастауымды сұрайтын. Ахмет Байтұрсынұлы мен басқа да қазақ зиялыларының істегеніндей, мен де бұл халықты, қырғыздарды ағарту үшін күреске кірістім. Нәтижесінде, қырғыздарға олардың еріп жүрген ұстаздарының шынайы бет-бейнесін түсіндіруге тырыстым. Исламда мұрт қою харам дейтін, мен оның неге харам еместігін және бұл мұрт алу дәстүрінің қайдан шыққанын түсіндіре бастадым. Осыдан кейін ол жақтағы кейбір қырғыздардың ашуын туғызсам керек, мені сол жердегі кейбір ұйымдасқан түрік студенттеріне шағымданды. Мен қырғыздарды оятуға тырысып жүргенде, бұл жолы Түркия түріктері, өз қаным, жаным болған адамдар маған қарсы шыға бастады. Іс сондай деңгейге жетті, ол жақтағы маңызды қызметтегі кейбір қызметкерлер де маған хабарласып, оқу өміріңді құртамыз деп қорқытты. Түрік студенттерінің бірі көптік жалғаумен сөйлеп, мені сол жерде ұрлап, орманға алып барып өлтіретіндерін айтып жүрді. Қоқан-лоққының күші мен көлемі артты. Ол жерде енді тұра алмайтынымды түсініп, университетті тастап, еліме қайттым. Қырғыз халқымен проблемам жоқ еді, олармен, Манас университетінің кампусынан тыс жердегі қырғыздармен қарым-қатынасым өте жақсы болатын. Тіпті YouTube арнамдағы және басқа әлеуметтік желілердегі видеоларыма қарасаңыз, қырғыз-түрік достығына және қазақ-түрік достығына қаншалықты үлес қосқанымды бірден байқайсыз. Алайда, үлкен түрік тарихшысы болу үмітімен, сол жерде қалып ғалым болу үмітімен барған Бішкектен, Қырғызстаннан қайтуға мәжбүр болдым. Қайтып келген соң әскерге барып, әскери адам болғым келді. Депрессияға түскен едім. Әкем университетке қайта емтихан тапсыруымды қалады. Тапсырдым. Бүгін Анкарада Түркітану студентімін. Бірақ Бішкекте мені тыныш қоймаған, зәбір көрсеткен сатқындар зұлымдықтары мен жалаларын, қысымдарын Анкарада да жалғастырды. Маған: «Серхат ол жақта бір маңызды қырғыз отбасының қызын зорлап, қызды жүкті қылып қойды, отбасының шағымымен Серхат Қырғызстаннан депортталды», - деп қып-қызыл жала жапты. Жүрген жерімде де абыройымның болмауын қалады. Осы болғандардың бәрі мені сондай ауру қылды; атеизм, нигилизм, мағынасыздық мені тұтқындап алды. Өзімді өте жаман сезіндім. Шындығында, қызды зорлау былай тұрсын, осы күні осы жазбаларды жазып отырған сәтіме дейін жыныстық қатынасқа түскен емеспін. Адамды осыларды айтуға мәжбүрлейді. Сонымен қатар, олардың бұл жалалары тек бұл өтіріктен ғана тұрмайтын еді. Олар «Серхат депортталды» дейтін. Мен депортталған жоқпын. Қырғызстанға өтініш бердім, қажетті мекемелерге хат жаздым, бірақ әлі жауап алмадым. Бір күні мұны құжатпен де дәлелдеймін. Мен ешқандай депортацияға ұшыраған жоқпын. Барлық адам сияқты, кез келген адам істей алатындай, бас тарттым және билет алдым, өтініш жаздым, ресми түрде оқудан шығып, қалыпты жағдайда еліме қайттым. Міне, менің қазір тек киім киісіммен ғана Ахмет Байтұрсынұлына еліктейтінімді ойлайтындарға, 23 жылдық өмірімнің соңғы бөлігінде болған жағдайларды айтып бердім. Мен тек Байтұрсынұлы сияқты атылған жоқпын. Және ешқашан түрмеге қамалған емеспін. Бірақ бұдан басқа, өз басымнан өткендерді оның басынан өткендермен өте ұқсас деп табамын және содан кейін өзімді оған жақын сезінемін. Кейде өз тағдырыма және оның тағдырына жылаймын.

Сіз Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген кезеңде болғанда, оның қасында қай бағытта еңбек етер едіңіз?

Мен Ахмет Байтұрсынұлының дәуірінде, оның жанында болсам, бәлкім Міржақып Дулатұлының оның жанындағы орнында болар едім. Роман, өлең, мақала, пікір жазатын, баспа ісіне көмектесетін белсенді тұлға болар едім. Және бәлкім, Қызыл қырғын кезінде мен де атылғандардың бірі болар едім.

Өзіңіз туралы қызықты фактілер бар ма? Домбыра шертетініңізді байқадық.

Бұл сұраққа тармақ-тармақпен жауап бергім келеді:

1. Мен сезімтал, романтик, бірақ реалист болу керектігін білетін адаммын.

2. Осы уақытқа дейін мен ғашық болған бірде-бір қыз маған ғашық болған емес. Болса да, айтпады, мұны менен де, өздерінен де құпия сияқты сақтады.

3. Астаналық бір қазақ қызымен қарым-қатынасым болды. 2020- жылдың соңы мен 2021- жылдың мамырына дейін интернет арқылы араластық. Мен ол кезде қазақша үйреніп жүрген едім, бірақ ол ешқашан қазақша сөйлемейтін, қазақша сөйлескісі де келмейтін. Түрікше сөйлейтін, кейде орысша. Бір күні, өз мойындауымен, маған опасыздық жасағанын (алдағанын) айтты. Сол сәттен кейін оған «сүйгенім» деуге аузым бармады. Айырылыстық.

4. Бастан-аяқ сағынышқа толымын. Бір сүйіспеншілікке, бақытқа және Бішкекке деген сағынышқа толымын.

5. Бішкекте жүргенде сондай жалғыз едім, көше араларына кіріп, пәтерлердің терезелеріне, жарығы жанып тұрған үйлерге қарайтынмын. Көпқабатты үйлерді сағаттап тамашалап, қиялға шоматынмын. Ол жақта бақытты адамдар өмір сүріп жатқан еді. Жалғыз емес, бірге болатын. Бірге ішіп-жеп, күліп-ойнап, сырласатын.

6. Жарық көрген 4 кітабым және жазған көптеген әнім бар. Жазушы, ақын, аудармашы, түркітанушы, сазгер және музыкантпын. Болашақта, мүмкін болса, бұлардың қатарына «Мұғалім» сипаты да қосылады.

7. Ең үлкен армандарымның бірі – өлгеннен кейін елімнің және барлық түркілердің тарихында рақыммен және дұғалармен еске алынатын адам болу және ұрпағымнан осындай адамдардың шығуы.

8. Өтірікшілерді, екіжүзділерді, рияқорларды, жағымпаздарды, өз пайдасын ғана ойлап, біреудің ақысын жейтін адамдарды жек көремін.

9. 2025 жылы 1 қазанда Исламға қайта оралып, қайтадан мұсылман болдым.

10. Қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, моңғол, қытай тағамдары маған өте ауыр тиеді. Тек соның кесірінен Қырғызстанда әлсіреп, қатты арықтап, жиі ауыратынмын.

11. Атам ауылда, тойда және ауруханада науқастарға саз (бағлама) тартатын. Көкем де музыка мұғалімі. Мен де солардан әсерленсем керек, кішкентай кезімнен музыкаға қызыға бастадым. Кейін 2020- жылы Ыстамбұлда бір қазақтан домбыра сатып алып, домбыра тартуды үйрене бастадым. Бішкектегі соңғы күнімде сол домбырамды Моңғолия қазақтарынан болған бір досыма сыйладым.

Бүгінгі жастарға Ахмет Байтұрсынұлын қалай дұрыс таныстыру керек деп ойлайсыз?

Мен сияқты Түркия түрігінің Алаш зиялыларына деген қызығушылығы «Ахмет: Ұлт ұстазы» сериалымен еселене түсті десем болады. Қазақшам да осындай сериалдарды көргеннен кейін дамыды. «Міржақып – Оян қазақ» бастаған, «Мағжан – Мен жастарға сенемін», «Мұқағали – Мен бұл ғасырдан емеспін» сияқты сериалдар маған керемет әсер етті. Бұларды бастан-аяқ сансыз рет қайталап көрдім. Тек Міржақып пен Ахмет аталарымыз туралы сериалдарды 10-нан астам рет қайта көрген шығармын. Меніңше, Ахмет Байтұрсынұлыны осындай көркем және әсерлі туындылармен жастарға танытып, түсіндіре аласыздар. Бұлардың әсері сыныптағы сабақ түсіндіруден де сіз күткеннен әлдеқайда жоғары. Содан кейін; бүгінгі және ертеңгі қазақ жазушыларына, ақындарына өздерін жетілдіріп, Ахмет Байтұрсынұлы туралы романдар жазуды өсиет етемін. Олар жазбаса, мен жазамын. Біліп жүрсін. Кейін ұялмасын: «Әттең, мұны біз жазбадық та, бір түрік жазды!» деп. Білмеймін... Бәлкім, мұндай роман әлдеқашан жазылған шығар. Бірақ маңыздысы – бұл романның да танымал болуы және көп сатылуы, көп оқылуы, қазақ әдебиеті тарихында қалуы.

Егер сіз Ахмет Байтұрсынұлымен жүздесу мүмкіндігіне ие болсаңыз, ең бірінші қандай сұрақ қояр едіңіз?

Керемет сұрақ! Мұндай сәтті көз алдыма елестетсем, еріксіз жылағым келеді. Егер Ахмет Байтұрсынұлымен жүзбе-жүз келіп, оған бір нәрсе сұрау мүмкіндігім болса, одан мынаны сұрар едім: Сізді айдап, түрмеге қамағанда, сіз туралы өсек-аяң шығарғанда, сізге зәбір көрсеткен кездерде, бұл жағдайлармен психологиялық тұрғыдан қалай күрестіңіз?

Қазақ және түрік жастарына кеңесіңіз?

Қазақ және түрік жастарына кеңесім: оқыңыздар, көптеген өмірбаян, естелік, тарих кітаптарын оқыңыздар. Еш нәрсеге догматикалық дәрежеде байланып қалмаңыздар. Танымал мәдениетпен дінсізденбеңіздер, дінмен арабтанбаңыздар. Қазақтықтарыңызды, түріктіктеріңізді қорғаңыздар. Шәһидтерін, өз отандары үшін, өздері үшін жанын қиған ол ұлы адамдарды ұмытпаңыздар. Өмір біз ойлағандай үнемі күліп-ойнайтын жер емес. Тіпті, барлық жалаңаштығымен өмір – адам үшін ащы нәрсе. Қайғыға батпаңыздар, бірақ бұл шындықтарды да әрдайым біліп жүріңіздер. Барлық түркі халықтары, барлық түріктер ұмытшақ келеді. Менің жастарымызға кеңесім – тарихта бізге жамандық жасаған ұлттарды және адамдарды, нәрселерді ұмытпаңыздар. Өз ішімізде бір-бірімізге деген шынайы сүйіспеншілік болсын. Сүйейік. Қатты сүйейік. Сүюді және сүйікті болуды, нәрселерге жақсы көзбен қарауды да ұмытпайық.

10.01.2026
ЧЕПНІ СЕРХАТ ӨЗТҮРІК
Сұхбатты алып тұрған - ЗТБ Тілшісі Жангүл Есениязова

Yorumlar